Қазақстанда ең ұзақ отасқан жұптың сыңары көз жұмды

Қайғылы ақпаратты Сұлтан Жиенбаевтың немерелері хабарлады. Олардың айтуынша, Нұрания әжей 96 жасқа қараған шағында, 15 қыркүйекте көз жұмған, деп жазды ҚазАқпарат

Марқұмның денесі 18 қыркүйекте Төлебаев 119 мекенжайындағы үйінен таңертеңгі 10:30-да шығарылады. Ұлы Отан соғысының ардагері, партия және мемлекет қайраткері, құрметті теміржолшы, Тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамының құрметті президенті Жиенбаев Сұлтан Сүлейменұлы мен Нұрания Керейқызы 1945 жылы 17 қаңтарында некелескен. Қазақстанның ең ұзақ отасқан отбасы туралы сайтымызда 2015 жылы жазылған болатын. Онда қариялар шаңырақты шайқалтпаудың құпияларымен бөліскен еді.

Бақытты отбасы 70 жылдық отбасылық өмірінде 3 бала тәрбиелеп, 6 немере, 13 шөбере сүйген. Отанасы Нұрания Керейқызы 38 жыл бойы еңбек жолын Қазақстанның заң саласының дамуына арнаған адам. 38 жыл бойы мемлекеттік арбитражда, ҚР Бас арбитрінің орынбасары ретінде бірнеше жыл қызмет еткен. Осы еңбегі үшін ҚР Еңбегі сіңген заңгері атағын алған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін 6 медаль, бірнеше құрмет грамотасына лайық деп танылған. Нұрания Керейқызының жетекшілігімен Қазақстанға белгілі бірнеше заңгерлердің саңлақтары тәрбиеленген. Олардың көпшілігі қазір Қазақстанның сот жүйесінде лауазымды қызмет атқарып отыр.