"Елімізде 1991-жылдан бері тұрғызылған ескерткіштердің арасынан көркемдік жоғары талғаммен жасалған шығармашылық туынды ретінде атайтындары саусақпен санарлық",- деді Д.Қасейінов.
Осыған байланысты, министрдің айтуынша, ҚР мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағамбетов басқарған мемлекеттік комиссия "ескерткіш тұрғызудың басқаша тәртіптерін тағайындау туралы" шешім шығарып, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына ие болды. Бұдан былай әрбір облыс "ескерткіш тұрғызу жөнінде кем дегенде алдағы 5 жылға есептелген ұсыныстарын" мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынуы тиіс. Комиссия құрамына тарихшылар, мүсіншілер мен еліміздің қоғам қайраткерлері қамтылып, қандайбір ескерткіш тұрғызудың орындылығы мен әрбір жобаның көркемдік құндылығын бағалайтын болады. "Бұдан кейін мәдениет министрлігі ашық байқау жариялап, оған қандайбір әкімге немесе қаржы бөлуге құзыры бар адамға сөзін өткізе алатын жекелеген адамдар емес, қалағанның барлығы да қатыса алады",- деді Д.Қасейінов. Соның нәтижесінде, министрдің пікірінше, "елімізде ескерткіш тұрғызу жұмысы реттеліп, өкініштен гөрі қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөлейтін көркем ескерткіштер пайда болады".
Сондай-ақ, мәдениет министрі адамның көзі тірісінде ескерткіш тұрғызуға тыйым салу қажет деп санайды. "Өркениетті елдердің мысалына жүгінсек, ескерткіш тұрғызу жұмысына адам бақилық болғаннан 5, кейде тіпті 10 жылдан кейін кірісу үрдісі қалыптасқан",- деді ол.
ҚР мәдениет министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 1991-жылға дейін 500-ден астам ескерткіш тұрғызылса, 1991-жылдан бері 279 ескерткіш пайда болыпты.