Ұлттық банктің ҚР Статистика жөніндегі агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, 2008 жылдың қаңтар айында азық-түлік тауарларының бағасы - 1,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы - 0,8%-ға, ақылы қызметтердің құны - 0,6%-ға өскен.
"Өткен айда азық-түлік тауарларының ішінде ең жоғары қымбаттағандары: жеміс-жидек және көкөніс - 4,8%, сүт өнімдері - 3,5%, жұмыртқа - 2,5%, макарон өнімдері - 1,9%, балық және теңіз өнімдері - 1,6%, ет өнімдері - 1,5%-ға өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде киім мен аяқ киім - 0,9%, тазартатын құралдар - 0,8%, бензин - 0,6%-ға көтерілді", - деп көрсетілген баспасөз баянында.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ақылы қызмет құрылымында халық үшін медицина қызметіне баға - 1,8%, байланыс қызметіне - 1,4%, оның ішінде пошта қызметіне - 22,9% қосылған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметі бір ай ішінде 0,3% қымбаттаған. Оның ішінде, ыстық сумен қамтамасыз ету мен орталық жылу жүйесі - әрқайсысының құны 1,1%-ға өскен.
2008 жылдың қаңтар айында жылдық инфляция 18,7% (2007 жылғы желтоқсанда - 18,8%) болды. Азық-түлік тауарлары - 26,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар - 11%-ға, ақылы қызметтер - 14,9%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.