Оның айтуынша, «Инвестициялық Омбудсмен» институтының негізгі қызметі инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесу болып табылады.
«Жаңа іс-шаралар кешені шеңберінде Инвестицияларды тарту жүйесіне қатысатындардың барлығының беделді әрі ірі инвесторлармен жұмыс жасау бойынша қызметін күшейтуге көп көңіл бөлінді. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар үшін жаңа артықшылықтар мен ынталандыруларды ендіру бойынша жаңа ұсыныстар әзірленген-ді. Бұл ұсыныстар өткен жылдар ішінде шетелдік инвесторлармен жұмыс жасау нәтижесінде жинақталған тәжірибенің және инвесторларға арналған ынталандырулар мен артықшылықтарды қолданудың әлемдік тәжірибесінің негізінде даярланды. «Инвестициялық Омбудсмен» институты және жоғарыда айтылған ұсыныстар 2014 жылдың 12 маусымында Елбасының қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық климатты жетілдіру мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды ендіру туралы» заңында көрініс тапты» - деді өз сөзінде Руслан Тасбергенов.
Заңның қабылдануымен қатар инвесторлардың Қазақстанда тұруын жеңілдету үшін Елбасы біржақты тәртіп бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Италия, Жапония, Корея Республикасы, БАЭ, Малайзия секілді 10 елдің инвесторларына арналған визаны алып тастау туралы шешім қабылдаған.
Аталған заңға сәйкес «басымдыққа ие инвестициялық жоба» деген жаңа ұғым ендірілген. Бұл ҚР Үкіметінің бекіткен басымдыққа ие қызмет түрлерінің тізімі бойынша жаңадан құрылған заңды тұлғаның жүзеге асыратын және айлық есептік көрсеткіштің екі миллионнан кем болмайтын мөлшеріндегі (шамамен 20 млн. АҚШ доллары) инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жоба. Басымдыққа ие инвестициялық жобалар үшін жаңа шаралар енгізілді. Олар: корпоративтік кіріс салығын төлеуден босату және шетелдік жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алу қажеттілігінен босату.
Тағы бір ұғым - «инвестициялық субсидия». Ол - құрылыс-монтаждық жұмыстар мен құрал-жабдықтарды сатып алу үшін кеткен нақты шығынның 30%-ға дейінгі мөлшерінде ақысыз және қайтарылмайтын негізде ұсынылатын бюджеттік субсидия түрі.
Бүгінгі баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» компаниясының үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарған жұмыстарына тоқтала келе, спикерлер Қазақстандағы химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және т.б. салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 130 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 шетелдік инвесторды (1 - Германия, 4 - Нидерланды, 1 - Италия, 1 - Жапония) тартуға қолғабыс еткендігін жеткізді.