"Бұл қызмет ақылы телеарнаның дәстүрлі формасының (спутниктік және кабельді телеарна) алмастырушысы болады. Ол пайдаланушыларға ондаған арналардан басқа тамаша мүмкіндіктер ұсынады", - деп хабарлады Әділбек Сәрсенов.
Атап айтқанда, IP TV-ді пайдаланушы DVD болмаса да және үйден шықпастан ТВ-интерфейс арқылы кинофильмді таңдауға және көруге мүмкіндік алады. Ал фильмнің бейнесапасы DVD-сапамен бірдей болады. Пайдаланушы мұнымен қатар, телекөрсетілімді басқара алады, яғни, үзілісті (пауза) басып бағдарламаны тоқтата алады. Виртуалды бейнемагнитофонға бір мезгілде бірнеше арнаның бағдарламасын көшіруге және оны кейіннен көруге мүмкіндігі болады. Бұл жерде қосымша ешқандай құрал-жабдық қажет емес.
Сондай-ақ, пайдаланушы қосымша интерактивті сервиске ие болады. Олардың қатарында радио, анықтама қызметі (телефон анықтамасы, қаланың, облыстың, елдің, дүниежүзінің интерактивті картасы, пойыздар мен ұшақтардың ұшу кестесі, валюталар бағамы, ауа-райы мәліметі), e-commerce және көптеген тағы да басқа қызметтер бар, деп хабарлады "Самұрық" холдингі" АҚ телекоммуникациялық активтерді басқару тобының директоры.
Әділбек Сәрсеновтың хабарлауынша, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмсына сәйкес, үстіміздегі жылдың соңына дейін "Самұрық" холдингі "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесе отырып 50 адамнан астам тұрғыны бар елді мекендерді телефонмен қамтамасыз етуді аяқтайды.
Сонымен қатар, "қазір станцияларды қазақстандық KazSat спутнигіне көшіру аяқталып келеді. Жыл соңына дейін компания абоненттерінің саны 3 млн адамнан асады деп жоспарланып отыр".