Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Мейлі үйде немесе медициналық мекемеде болсын, карантинде жатқан барлық жұмысшыға уақытша жұмысқа жарамсыздық парағы беріледі. Уақытша жарамсыздық бойынша еңбекақы заңнамаға сай беріледі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі төтенше жағдай кезінде (15 сәуірге дейін) жұмыс берушілердің бәріне әлеуметтік жауапкершілік танытып, жұмысшыларды уақытша қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруға кеңес береді», - деді Ерлан Смағұлов елорда әкімдігінде өткен онлайн-форматтағы баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, технологиялық процестер мен өзге де себептерге байланысты жұмысшылар міндетті түрде жұмысқа келуі керек болса, жұмыс берушілер толық емес жұмыс күнін белгілеуі керек.
«Яғни бұл бір күндегі жұмыс сағаты мен аптадағы жұмыс күнін азайтуға байланысты болып отыр. Жұмыс барысында жұмысшылар барлық қорғаныс жабдықтарымен қамтылып, денсаулық сақтау органдарының кеңесін ұстануы тиіс», - деді ол.