Қазақстанда картинг жарысына арналған жаңа трассалар салу мәселесі қарастырылып жатыр

Бұл туралы бүгін Халықаралық автомобиль федерациясының президенті Жан Тодтпен кездесуінен соң журналистерге берген сұхбатында Спорт және денешынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Мұрат Омаров мәлім етті.

«Жалпы аталған халықаралық ұйымның қолдауымен біздің еліміздің аумағында бірқатар халықаралық жарыстар өткізу жоспарлануда. Біздің жазық далалық кеңістігіміздің өзі көпкүндік ралли-рейдтер өткізуге жақсы мүмкіндік береді. Ал осындай мәселенің барлығы алдағы уақытта Халықаралық федерация мен біздің агенттік арасында техникалық деңгейде талқыланатын болады. Әзірше дәл қандай нақты шаралардың жүзеге асырылатыны туралы айту ертерек», - дейді М.Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, Халықаралық автомобиль федерациясы Қазақстанда айналма автокөлік жарыстарын, картинг жарыстарын өткізгісі келгенімен, еліміздің бұған сай келетін инфрақұрылым дамымаған. Әсіресе, айналма автожарыстарға еліміздің инфрақұрылымы дайын емес. Сондықтан Қазақстан жол талғамайтын көліктердің автожарысын өткізуге қызығушылық білдіреді. Бұндай жарысты елдің батыс өңірлерінде өткізу тәжірибесі бар, «Астана» командасы да өзін жақсы танытып келеді. Бұдан бөлек, 2014 жылы «Формула-1» жарысын өткізілетіні жоспарланған Ресейдің тәжірибесін де зерделесек болады.

«Картингке қатысты айтар болсам, спортың бұл түріне Қазақстанда қызығушылық артып келеді. Осының өзі кәсіби автожарысшыларды даярлауға, жастарды автокөлікті дұрыс басқаруға үлкен септігін тигізері анық», - деді М. Омаров.