Қазақстанда кәсіпкерлікті "таза парақтан" реттеу саясатына көшпек

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ға сілтеме жасап. 

"Таза парақтан" реттеудің жаңа тәсілдері мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын жетілдіруді, "1 in 2 out" қағидатын енгізуді, міндетті талаптар тізілімін, бизнес есептілігін цифрландыруды және мемлекеттік бақылауды жетілдіруді көздейді", - деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы атап өткендей, бизнеске қойылатын артық және тиімсіз талаптардың өсуін болдырмау үшін оны белгілеудің шарттары заңнамалық түрде айқындалады. "1 in 2 out" қағидатын енгізу мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талаптың күші жойылатынын болжайды.

Бұдан басқа, нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған барлық талаптардың тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс болып табылатын Міндетті талаптар тізілімі жасалады.Тізілімде НҚА-ның жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімі айқындалмақ. Сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады. Осылайша, тізілім бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты "Реттеуші гильотина" әдісін қолдануға мүмкіндік бермек.

Ә.Ерғалиевтің айтуынша, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есеп беру, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру талабы заңнамалық түрде бекітіледі.


Заң жобасында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау көзделеді. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары тексеруден алдын алу іс-шарасына көшуді қамтиды.

"Кәсіпкерлік қызметті реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді", - деді министр.