Ақмола мен Қарағанды облыстарында киіктердің жаппай қырылуына пастереллез себеп болған сыңайда, деп Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің орман және аң шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев мәлімдеді.
«Өлген жануарлардан алынған биологиялық және патологиялық материалдар сараптамасын алдын ала тексеру пастереллездің бар екенін көрсетеді», - деп Б.Дүйсекеев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында атап көрсетті.
Нақтыланған деректер бойынша, барлығы 493 жануар қырылған, тексерілген аумақтан өзге әлсіз және ауру жануар байқалмаған.
Бұған дейін бетпақдаланың үш мың киігі қырылды деп мәлімделген болатын.
Қазіргі уақытта Қоршаған ортаны қорғау, Ауылшаруашылығы министрліктері, ІІМ, Білім министрлігінің өкілдерінен құралған жұмыс тобы Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорық аумағында нақты себепті анықтауға кірісті.
Жануарлардың өліктерін жою және аумақты зарарсыздандыру жұмыстары 12 қыркүйекке қарай аяқталмақ.