Қазақстанда Көше спорты федерациясы құрылды


«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында федерация вице-президенті Ислам Бодурговтың хабарлауынша, ұйым аталған спорт түрін дамытумен айналысып қана қоймай, жастар арасында темекі шегу және алкогольдік өнімдерге әуестенуді алдын алу жұмыстарына белсенді араласпақ. Қазақстандық федерация осы спорт түрі бойынша тіркелген әлемде алғашқы ұйым болып табылады

Street Workout - бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Ол спорт алаңдарындағы белтемірлер, қырлы бөрене, көлденең және тіке сатылар сынды спорттық снарядтарда түрлі жаттығуларды қамтиды. 

«Біз әрқашан салауатты өмір салтын үгіттейтін боламыз. Street workout денені шынықтыруға ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой өрісін дамытуға көмектеседі. Сондықтан жастар арасында танымал болып барады. Себебі бұл спортпен кез келген адам шұғылдана алады . Онымен айналысу үшін фитнесс-клубтарға барудың қажеті жоқ, есік алдындағы алаңдарда спорт жабдықтары болса болғаны. Сондай-ақ мұнда жарақат алу қаупі де өте аз», - дейді И.Бодургов.

Оның мәліметтері бойынша, Қазақстанда көше спортына 10-15 мыңға жуық жастар қатысады. Танымалдығы жыл санап артып келеді. Әр облыстың өз көшбасшылары бар. Федерация аймақтық спорт басқармаларына шығып, жастарға осы спорт түрін дамытуға жәрдемдесу туралы ұсыныспен шықпақ. Болашақта қалалық чемпионаттар мен фестиваль өткізу жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта Қазақстан көше спорты бойынша әлем бойынша 3-орында келеді. Бірінші орында - Украина, екіншісі - Ресей», - деп атап өтті И.Бодургов.

Қазақстанның street workout бойынша федерациясының президенті Рамазан Омаров болып сайланды.