Қазақстанда барлығы 9728 сайлау учаскесі ашылды, олардың 15 пайыздан (1512) астамында "Сайлау" электрондық дауыс беру жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, мәжіліс сайлауына дауыс беру үшін 8,8 млн астам және мәслихат депутаттарын сайлауға 16,6 млн астам қағаз бюллетенm басып шығарылған. Сайлаушылар электрондық карточкамен де, қағаз бюллетеньмен де дауыс бере алады.
Дауыс беруге бір сағат қалғанда Астана уақытымен сағат 6-да Орталық сайлау комиссиясының төрағасы "Сайлау" жүйесін іске қосу үшін арнайы парольді енгізді.
Мәжілістегі 98 орынға жеті партия үміттеніп отыр: "Нұр Отан" Халықтық демократиялық партиясы (көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев), билікпен бағыттас партия - "Руханият" партиясы (Алтыншаш Жағанова), конструктивтік оппозициядағы "Ақ жол" партиясы (Әлихан Бәйменов), оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (Жармахан Тұяқбай), сонымен қатар өздерін биліктен де, оппозициядан да алшақ партиялармыз деп таныстыратын "Ауыл" партиясы, (Ғани Қалиев), Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясы (Владислав Косарев) және Қазақстанның Патриоттар партиясы (Ғани Қасымов).
"Нұр Отан" партиялық тізімінде 126 үміткер, "Руханият" - 9, "Ақ жол" - 98, ЖСДП - 80, "Ауыл" - 33, ҚХКП - 20, ҚПП - 11 үміткер бар.
Мәжіліс депутаттығына барлығы 377 үміткер тіркелген. Олардың 321 еркек және 56 әйел. Үміткерлердің орташа жастары - 55 жас. Тіркелген үміткерлердің 364 жоғарғы білімді, соның ішінде 87 - инженер, 75 - заңгер, 70 - оқытушы, 60 - экономист, 76 үміткер - коммерциялық құрылымдардың жұмысшылары; 47 - мәжілістің алдыңғы шақырылым депутаттары; 45 - мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері; 41 - ғылым, мәдениет және білім қызметкерлері; 21 - орталық органдар мен министрлік қызметкерлері, соның ішінде қазіргі үкіметтің төрт министрі мен екі аймақтың басшысы бар.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мәжіліске партиялық тізім бойынша депутаттар сайлау жасырын дауыс беру барысында жалпыға ортақ, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
Мәжілістің тағы тоғыз депутаты Қазақстан Халық ассамблеясынан сайланады. Бұл сайлау 20-тамызға көзделген.
Депутаттар сайлауына 1129 шетелдік бақылаушы тіркелген, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы - 460, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы - 448, Шанхай ынтымақтастық ұйымы - 13, халықаралық ұйым - 71, шет мемлекеттер - 137 байқаушы жіберіп отыр.
Сайлау учаскелеріндегі тәртіпті Ішкі істер органдарының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Дүйсенбіде өткен республика үкіметдегі селекторлық кеңесте сөз сөйлеген Ішкі істер министрлігінің басшысы Бауыржан Мұхамеджанов министрлік пен әкімшілік басшылары сайлаудың тыныш өтуі үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдайтындығына сендірген болатын. Атап айтқанда, электрондық дауыс беру жүйесімен жабдықталған сайлау учаскелерін күзетке алады, ол үшін 2,5 мыңнан астам полицей жұмылдырылған. Сонымен қатар, бюллетеньдерді әкелген сәттен бастап сайлау аяқталғанға дейін әрбір сайлау учаскесін полицейлер тәулік бойы күзетке алады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдына ала қорытындысын бүгін 22 сағат 15 минутта жариялауға уәде беріп отыр. Еліміздің заңына сәйкес, дауыс берудің соңғы қорытындысы сайлаудан кейін 10 күн ішінде, яғни 28-тамызға дейін жарияланады.
Қазақстан халқы 15 млн 485 мың 800 адамды құрайды.