Ал "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның бір бабына сәйкес, "электронды сайлау жүйесінің жабдықтары дауыс беруден үш күн бұрын учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен ашылып, орнатылады. Бұл туралы арнаулы акт жасалады" делінген. Сөйтіп, мәжіліс депуттатарының сайлауында аталмыш жүйе пайдаланылатын жағдайда дәл бүгін, 16-қыркүйекте "Сайлау" автоматтандырылған дауыс беру жүйесінің жабдықтары сайлау учаскелерінде орнатылуы тиіс болатын.
Бүгін Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында Сайлауға бақылау жасау жөніндегі "Election and Democracy" халықаралық қауымдастығының өкілдері де электронды дауыс беру жүйесінің төңірегіндегі ахуалға байланысты алаңдаушылық білдірді. Халықаралық бақылаушылар дауыс беруге үш күн ғана қалғанына қарамастан, жүйенің пайдаланылуы мен оның енгізілу ауқымына байланысты мәселенің басы ашылмай отырғанын түсіне алмайтындықтарын білдірді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстандағы сайлауда электронды дауыс беру жүйесін пайдалану мүмкіндігі жаңа сайлау заңында қарастырылған. Биылғы жылдың көктемінен бері ҚР Орталық сайлау комиссиясы бірқатар компаниялармен бірлесе отырып "Сайлау" атты бірегей автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру жұмыстарын іске асырды. Тамыз айында Астана, Алматы және Көкшетау қалаларының сайлау учаскелерінде жүйе тәжірибе жүзінде іске қосылды.
Алайда, еліміздегі бірқатар саяси партиялар мен ұйымдар мәжіліс сайлауында автоматтандырылған "Сайлау" ақпараттық жүйесін пайдалануға қарсылық білдірген. Олардың пікірінше, жүйе жеткілікті деңгейде қорғалмағандықтан, дауыс беру қорытындысын бұрмалауға мүмкіндік береді.
Парламенттің күзгі алғашқы отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев электронды дауыс беру жүйесін еліміздің техникалық тұрғыдан жақсы дамыған өңірлерінде пайдалану дұрыс деп мәлімдеді. Мемлекет басшысының пікірінше, автоматтандырылған "Сайлау" ақпараттық жүйесін еліміздегі сайлау учаскелерінің шамамен 10 процентінде енгізуге мүмкіндік бар.