Қазақстанда мекенжай анықтамасын беру тоқтатылады

ІІМ азаматтарды тіркеу туралы анықтаманы электронды форматқа көшірді, деп хабарлайды Zakon.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мекенжай анықтамасы – ең жиі сұралатын анықтамалардың бірі.

- Жыл сайын 10 миллионнан астам мекенжай анықтамалары сұралады. Жұмысқа орналасу, мектеп, балабақша, емхана, банктер және т.б. үшін халық ХҚКО-ға, мемлекеттік органдарға жүгіріп, кезекте тұруға мәжбүр. Ішкі істер министрлігі өз дерек базаларын өзге мемлекеттік органдармен біріктірді, бұл халыққа мемлекеттік қызмет көрсету тетігін жеңілдетті. Атап айтқанда, мекен-жай анықтамаларын беру толықтай тоқтатылады, өйткені бұл дерек онсыз да барлық мемлекеттік органдардың деректер базасында бар, - дейді ІІМ өкілдері.

Қағазбастылықты жою үшін мекен-жай туралы анықтама енді сұралмайды.

- Қазір нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Азаматтардың өздері электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы мекен-жайы туралы ақпаратты тексере алады. Мекен-жай анықтамаларын беруді тоқтату қажетсіз құжаттарды және азаматтардың ақпарат алу үшін ХҚКО-ға жүгінуін азайтады, - деп қорытындылады ІІМ.


Сонымен қатар, ІІМ азаматтарды тіркеуге байланысты басқа да бірқатар мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, оңтайландырды.

- Жыл соңына дейін "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында ІІМ тағы сегіз қызметті электронды форматта көрсетуді жоспарлап отыр. Осылайша, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызға жуығы автоматтандырылады, - деп қосты олар.