«Біз байқау жарияладық және оған дизайн шеберлері мен белгілі сән үйлерін қатысуға шақырдық. Қазір түрлі киім үлгілері келіп түсіп жатыр. Олардың бәрі шариғат талаптарына да, қазіргі заманғы эстетика талаптарына да жауап береді», - деп «Литер» басылымының жұмадағы санында жарияланған сұхбатында ҚМДБ аппарат жетекшісі Қайрат Жолдыбай хабарлады.
Оның айтуынша, мұсылман әйелі үшін «орамал тақпа» деген сөз «намаз оқыма» дегенмен бірдей. Сондықтан, бұл мәселені шешудің бір ғана жолы байқау жариялау болатын.
«Біз осындай киім үлгісін насихаттай отырып, бұл мәселені шешіп аламыз деп ойлаймыз. Байқау нәтижесін біз қазан айының орта шенінде жариялаймыз», - деді ол.
«Орамал тағуға қатаң тыйым салатын болсақ өкпелі кісілер көбейеді. Олардың қоғам іргесін шайқалтуды көздейтін қоғамдық күштердің соңынан еріп кетуі мүмкін екенін де естен шығармауымыз керек. Оған жол беруге болмайды», - деп қосты Қ.Жолдыбай.