Қазақстанда нәсілдік, жыныстық және басқа да алалаушылық түрлері кездеспейді - ҚР үкіметі

Министр орынбасарының хабарлауынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдауда адамдарға ұлтына қарай ешбір шектеу қойылмайды. Республикадағы мемлекеттік қызметкерлер 65 ұлт өкілдерінен құралған. Олардың 79 проценті қазақтар, 14,5 проценті орыстар, 0,9 проценті украиндықтар.

О.Рябченко театрлардың жұмысын мысалға келтіре отырып, республикадағы ұлт-ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүрлері қалай дамып келе жатқаны туралы әңгімелеп берді. Қазір елде 18 қазақ, 15 орыс, 3 біріккен (қазақ және орыс топтар), 1 ұйғыр, 1 корей, 1 неміс театры жұмыс істеуде. Ұлттық театрлардың барлығының да көрермендері бар, қажеттілігі айқын.
Қазақстан үкіметі өкілінің хабарлауынша, этникалық топтар тығыз тұратын жерлерде олардың ана тілін қайта жаңғырту үшін мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер, лицейлер мен гимназиялар желісі дамытылуда. Мәселен, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Батыс Қазақтан облыстарында корей ұлтының оқушылары ана тілдерін факультативті сабақтарда оқып үйренуде. Ал Петропавлдағы бір мектепте 1998-жылдан бері "Ұлттық қайта жаңғыру мектебі" жұмыс істеуде. Онда сегіз ұлт өкілдері әзербайжан, иврит, поляк, татар, неміс, армян, украин, шешен және ингуш тілдерін үйренуде.
Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің 68 проценті орыс тілінде білім алуда.
Хабарламадан мәлім болғанындай, Қазақстан БҰҰ комитетіне бастапқы, екінші және үшінші мерзімдік баяндамаларды бір құжат аясында таныстырды. Оларға 1999-жылдың қаңтары мен 2003-жыл аралығындағы кезең қамтылған. Сондай-ақ, комитетке ресми баяндамамен бірге бір бейресми ұйым дайындаған нәсілдік алалаудың барлық түрлерін жою жөніндегі халықаралық конвенцияны Қазақстанның орындау жағдайы туралы балама баяндама да келіп түсті.
Қазақстандағы нәсілдік жікшілдікке қатысты ахуал туралы комитет сарапшыларының ақырғы қорытындысы мен соған байланысты нұсқаулары Комитеттің осы жолғы сессиясының қорытынды отырысында жария етіледі.