Бұл туралы Аltaynews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық науқастарға арналған дәрілік препараттар көршілес Ресейден табылып жатыр. Бұл дәрілердің бір қаптамасының бағасы миллион теңгеден асады.
- «Ресейде біздің онкопрепараттарымыз сатылып жатқаны туралы ақпарат түсті. Бұл дәрілерді "СК-Фармация" сатып алған. Оның бағасы қымбат – бір қаптамасы миллион теңгеден асады», - дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.
Айтуынша, басқа елге белгісіз жағдайда сатылып кеткен меланоманы емдеуге арналған екі препарат екен - пембролизумаб (pembrolizumab), тауарлық атауы - "Кейтруда" (Keytruda) және дабрафениб (Dabrafenibum), тауарлық атауы - "Тафинлар".
- «Бізге бұл ақпаратты пациенттер жеткізді. Ресейлік нарықта біздің медициналық мекемелердің мөрі басылған дәрі-дәрмектер табылыпты. Қазір біз құқыққорғау органдарымен бірлесе отырып, тексеру жүргізіп жатырмыз. Егер дәрі-дәрмектердің сатылғаны рас болса, бұл іс Бас прокуратураға беріледі», - деді Бюрабекова.
Жоғарыда аталған екі препарат станционарлық дәрі-дәрмекке жатады. Науқастарға тегін беріледі. Оларды бірыңғай дистрибьютордан Қазақстан бойынша 11 стационар ғана алған екен.