Қазақстанда NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасы әзірленді

Жол картасы 30 тармақтан тұрады және жастарды әлеуметтендіру бойынша бірқатар өзекті іс-шараларды қамтиды. Атап айтқанда, кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру, техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою, дуальдық білім тиімділігін арттыру, еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу, сондай-ақ, жастар кәсіпкерлігін дамыту шаралары бар.

Жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында Дархан Кәлетаев жастардың стартап жобаларын бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесін енгізуді ұсынды.

Жол картасы аясында баспана мәселесін шешу үшін министр Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламалары арқылы жастардың тұрғын үй кооперативтерін құруды ұсынды.

Сонымен қатар, жастар ресурстық орталықтары қызметін және әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру жоспарланған.

Айтылған мәліметтерге сәйкес, халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жылдың ішінде әлемдегі
жастардың саны 139 млн. адамға өсті, ал жұмыспен қамтудың үлесі 35 млн. адамға кеміді деп көрсетілген. Жалпы жаһандық еңбек күшіндегі жастар үлесі 1997 жылы 21,7%-дан 2017 жылы 15,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар, NEET жастарының үлесін жаһандық бағалау 21,8%-ды құрайды, олардың ішіндегі төрттен үші (3/4) әйелдер.

Қазақстанда NEET жастарының жоғары көрсеткіштері оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Маңғыстау және Қарағанды облыстарында (10-нан 13%-ға дейін, 2017 жыл) тіркелген.

Елімізде әлеуметтендірудің ешбір әдістерімен қамтылмаған 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6%-дан биылғы жылы (2018 жылғы 2-тоқсан) 7,7%-ға дейін кеміді.