Қазақстанда өңдеу саласында «ұлттық чемпиондар» болуға лайықты 32 компания айқындалды

Бұл туралы бүгін Астанада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, McKinseyCompany халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесе бұл бағдарламаға қатысуға үміткер отандық өндірушілер арасында іріктеу жүргізілді.

«Бұл тұрғыда азық-түлік өнеркәсібі мен машина құрылысы салаларында өндірушілер қаралды. Барша өңірлер бойынша 300-ден астам компаниядан өтінім келіп, диагностикадан өтті. Бүгінде  оның ішінде 32 компания іріктелінді», - деді Бишімбаев «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар - ұлттық чемпиондар» орта бизнесті қолдау бағдарламасын талқылау жөніндегі басқарушы комитет отырысында.

Осы орайда ол биыл аталған компанияларды дамыту тұрғысында қарқынды жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. «Алдағы жылы басқа салаларға кірісіміз. Оның аясында диагностика жүргізіліп, потенциалды чемпиондар іріктелінеді», - деді ол.

Белгілі болғандай, аталған компаниялардың ішінде 20-сы АӨК саласына, жетеуі машина жасау, сондай-ақ 5 компания құрылыс материалдарын өндіру саласынан іріктелінді. Қазіргі таңда қатысушы компанияларға диагностика жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша әр компанияға қатысты жеке жоспар жасақталып, олардың дамуы тұрғысында ұсыныстар беріледі.

«Біздің жаңа бағдарлама шикізаттық емес секторды дамыту, өнеркәсіптік өндірістің көлемдерін ұлғайту, еңбекақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құру және импортты алмастыру секілді міндеттерді шешуге бағытталған. Орта бизнесті қолдау бағдарламасын табысты іске асыру кезінде іріктелінген компапиялар еңбек өнімділігін жылына орташа 10 пайызға және экспортқа шығарылатын өнім үлесін қазіргі деңгейден 30 пайызға ұлғайтады деп күтілуде», - деді Қ. Бишімбаев.