Қазақстанда өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы үшін барлығы 100 алауқұты әзірленді

С.Құранбектің айтуынша, әр алауқұтының бағасы 1 мың АҚШ доллары шамасында. «Бірақ, өкінішке қарай», - дейді ұйымдастырушылар, әрбір алаугерге оларды естелікке қалдыру мүмкін болмайды. Тек эстафета өтетін әр өңірге бір данадан қалдырылады. Қалғандары Азия Олимпиадалық кеңесінің мүшелері мен басқа да құрметті қонақтарға сыйға тартылады.

Бүгінде Қытайдан жеке-жеке бөлшектеліп жеткізілген алауқұты толығымен жиналып бітті. Әр факелдің төменгі жағында өзінің реттік нөмірі бар. Қазір алауқұтылары Алматы маңында сынақтан өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар бұл сынақтар барысында бірнеше алауқұты жарамсыз болып шығуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал алдағы 17-18 қараша күндері Астана қалалық дирекциясы облыс әкімдерінің басқаруымен құрылған штабтардың мүшелерін елордада жинап, сынамалық, әрі көрсетілім эстафетасын өткізуді көздеп отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 7-ші қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі 11 қаңтар күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтандырылып, Ойындарды ұйымдастырушы Қазақстан өкілдеріне тапсырылады. 12 қаңтар күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіледі. Осыдан бастап оның Қазақстанның өңірлері бойынша саяхаты басталады. Алматыдан кейін алауқұты Тараз (13 қаңтар), Шымкент (14 қаңтар), Қызылорда (15 қаңтар), Ақтау (16 қаңтар), Атырау (17 қаңтар), Орал (18 қаңтар), Ақтөбе (19 қаңтар), Қостанай (20 қаңтар), Петропавл (21 қаңтар), Көкшетау (22-23 қаңтар), Павлодар (24 қаңтар), Өскемен (25-26 қаңтар), Талдықорған (27 қаңтар), Қарағандыға (28-29 қаңтар) және ақ Азиада салтанатты ашылатын күні Астанаға (30 қаңтар) жеткізіледі.