Қазақстанда өзге тілдермен бірге неміс тілін де насихаттау керек - Б.Бәйбек

«Адам қанша тілді білсе, ол соншама бай болады. Тіл - тек қана өзара сөйлесуге, не сол тілде күнделікті жұмыс жасауға ғана қажет емес, ол - адамның көзқарасын өзгертетін құрал. Бүгінде Астанада неміс тілі орта білім беретін 27 мектепте оқытылады, бұл - 20 мыңға жуық бала. Жоғары оқу орындарында да неміс елін, оның мәдениеті мен тілін құрметтеп, сыйлайтын, ол тілде еркін сөйлей алатын жастар баршылық. Олар бұл тілді өздері сияқты сыйлайтын адамдармен қарым-қатынас жасағысы келеді. Бірақ өкінішке қарай, ондай мүмкіндіктері жоқ», - дейді ол.

Б.Бәйбектің пайымдауынша, Қазақстандағы тіл білетін жастардың білімін тереңдетіп, оны ауызекі тілден академиялық дәрежеге дейін жеткізу тетіктерін ойлап табу қажет. Сондай-ақ, оны үйренгісі келетін жастарға кеңінен насихаттау қажет.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары атап көрсеткендей, неміс ұлтының өкілдері өзге ұлттар сияқты Қазақстанның тарихымен бірге жасасып келе жатқан этнос. Этникалық өкілдердің тарихи отандарына оралу кезеңіне дейін Қазақстанда 1 миллионға жуық неміс тұрса, қазір олардың саны 300 мыңнан сәл асып жығылады. «Осы 300 мың адам бүгінде екі ел мәдениеттерінің арасында алтын көпір болып отыр», - деді ол.

Өз кезінде, Германияның Қазақстандағы Елшісі Райнер Шлагетер, халықаралық конференция Германияның Қазақстандағы жылы аясында өткізіліп отырғандығын айтып, қазақ елінде жүзеге асырылып отырған «үш тұғырлы тіл» саясатын қолдайтынын және ондағы төртінші тіл ретінде - неміс тілін көргісі келетіндігін жеткізді.

«Неміс тілі де жиі қолданылатын тіл. Еуропалық Одаққа мүше елдердің 100 млн. адамы осы тілде сөйлейді. Бұл неміс тілін білудің материалдық құндылығы болса, материалдық емес тұсы - Гетені түпнұсқада оқу мүмкіндігі», - деді Елші.