Қазақстанда полиция туралы қалыптасқан ұғымнан құтылу керек

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев осылай айтты.

«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдары белсенді түрде қатысуы тиіс, ал оны жүзеге асыруға халықты кеңінен тарту керек», - деп тоқталды ол.

А. Шпекбаевтың сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда өзара жауапкершілік қана тиісті көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Барлық реформалар Қазақстан халқының полицияны тек күш-құрылым немесе жазалаушы қызметтермен өкілетті қудалау органы ғана емес, бірінші кезекте өзінің әлеуметтік серіктесі ретінде қабылдауына бағытталған», - деді ол.


А. Шпекбаевтың айтуынша, жаңғыртудың  кезекті кезеңі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырумен байланысты. Осы орайда  2020 жылға қарай жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес құқық қорғау жүйесін құру мақсат-міндеті жүктеліп отыр.