Қазақстанда ПТР-тест пен бетперде бағасы төмендеді

Агенттік президенттің тапсырмасымен зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағалық саясатына мониторинг жүргізген.

"Нәтижесінде ПТР-тест бағасы 36 нарық субъектісімен ашық сауда саясатын көздейтін монополияға қарсы комплаенс жасау арқылы 18 000 теңгеден 9 000 теңгеге дейін төмендетілді. "Олимп" КДЗ" ЖШС және "Инвиво" ЖШС 9 мың теңгеден аспайтын баға белгіледі, "Сұңқар" ЖШС және "Әйгерім" ЖШС-ның жекелеген зертханалары бағаны 6 000 және 7 000 теңгеге дейін төмендетті", - делінген ведомствоның ресми сайтында.

Сонымен қатар, медициналық маскалар да біршама арзандады.


Өндірушілер бағаны бір данасына орта есеппен 21 теңгеге дейін түсірген, дистрибьюторлар мен бөлшек сауда желілерінің үстеме бағасы 20 теңгеден 3 теңгеге дейін төмендеді. Осылайша бір бетперденің бағасы орта есеппен 60 теңгеден 26 теңгеге дейін төмендетілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте ПТР-тест пен бетперде бағасын төмендетуді тапсырған еді.