Қазақстанда қағаз тапшылығы болмайды – ИИДМ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев А4 қағазының қымбаттауына қатысты түсініктеме беріп, елде қағаз тапшылығы болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

"Менің ойымша, Қазақстанда тапшылық болмайды. Біз қазір қағазды сырттан әкелеміз. Негізгі жеткізуші Ресей – 61 процент, кейін Түркия мен Қытай. Қажет болған жағдайда, біздің бизнес құрылымдар тез арада шешімін табады деген ойдамын. Егер қандай да бір кедергі туындаса, бізде қағаз жеткізу үшін баламалы бағыттар жетерлік", - деді Өскенбаев үкімет кулуарында.

Айтуынша, Қазақстанда қағаз кесу өндірісі бар.


"Яғни қағаз орамдары сырттан тасымалданады, мұндай екі зауыт бар. Ал шикізатты осы елдерден жеткіземіз", - деді министр.

БАҚ өкілдері дүкендерде кеңсе қағазының бағасы шарықтап кеткенін атап өтті. Өскенбаев құзырлы органдар тексеріс жүргізетінін айтты.

"Баға неге көтеріліп кеткенін білмеймін. Кеше ғана менің тапсырмам бойынша Abdi-ге кірдік. Егер олар 3 мың теңгеден сатып жатса, басқалары бес мыңға дейін көтерген. Бірақ бүгін таңертең маған Abdi де бағаны өсіріп жібергенін хабарлады. Тиісті органдар қайта тексеретін шығар", - деді министр.