Қазақстанда қоңыр көмірден отынды тәжірибелік өндіру 2015 жылдың сәуірінде басталады

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлаған, деп жазады ҚР Премьер-Министрінің сайтында. 

«2015 жылдың сәуір айында Ерейментау жанындағы Сарыадыр көмір кенішінде қуаттылығы тәулігіне 0,8 тоннаны құрайтын тәжірибелік-эксперименттік кешен құрылады, осы ретте сұйық отынның құны 1 литріне 42 теңгені құрайды», - деді Д.Егізбаев.

Оның айтуынша, жобаны 2013 жылдан бері көмір химиясы және технологиялар институты іске асыруда. Әлеуетті инвестор да табылған, ол жобаны сәтті жүзеге асырған жағдайда зауыт салуға 1 млн-ға жуық доллар салуға дайын. 

«Көмірді дизельді отын мен жанармайға қайта өңдеу үдерісі дүние жүзі мамандарымен дайындалған, алайда қазақстандық ғалымдар бұл технологияны отандық қоңыр көмір ерекшеліктеріне сәйкес бейімдендіре алды, сондай-ақ технологиялық үдерісті шапшаңдатып және отын бағасын төмендете алды», - деп баса айтты орталық басшысы.

Сондай-ақ орталықтың қолдауымен 3D-принтерлердің өндірісі бойынша жоба жүзеге асырылады. Жасаушылар энергетикада оқшаулау материалдарын өндіру үшін пайдаланылатын жабдықты жеткізу бойынша алғашқы келісімшартын жасап үлгерді.


«Елімізде осы жобаны жүзеге асырушылар сервисті де қоса жүзеге асыруды ұсынуда, яғни өндірісті, оқытуды, техникалық қызмет көрсету мен бағдарламалық қамтамасыз ету де қамтылатын болады», - деп баса айтты Д.Егізбаев.

Сонымен бірге нарықтағы құрылғыларға қарағанда оның бағасы 20-30 пайызға арзан болады. Өнімнің негізгі пайдаланушылары стоматологиялар, оқу мекемелері, архитектуралық-құрылыс компаниялары болады деп күтілуде.