Қазақстанда қылмыскерлер өз құрбандарына ақша төлейтін болды

Қазақстанда қылмыс жасаған адамдардан мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу бойынша норма бірінші шілдеден бастап күшіне енді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Қазақстанда алғаш рет жәбірленушілерге қажетті материалдық көмекті жылдам көрсетуге бағытталған институт құрылды. Қордан өтемақы төлеу біржолғы қаржылық төлем түрінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, жәбірленушінің кінәлі адамнан толық шығынды өндіріп алу мүмкіндігі сақталады.

Өтемақы зорлық-зомбылық қылмыстарының құрбандарына төленетін болады: 

  • жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кәмелетке толмағандарға; 
  •  адам саудасы және азаптаулар құрбаны болғандарға;
  •  денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарға;
  •  жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның заңды өкілдеріне.

Тізімге қылмыстық кодекстің 46 бабы бойынша 124 қылмыс құрамы енгізілген.

Қылмыс салдарынан материалдық зардап шеккен және ашылмаған қылмыстар бойынша немесе кінәлі тұлға сот төрелігінен жасырынып жүрген жағдайда келтірілген зиянды өндіріп ала алмаған адамдарға қолдау ретінде өтемақы беріледі. 

Заң бойынша қаражат қорда екі жыл бойы, яғни 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін жинақталады.


Қордағы түсімнің негізгі көзі – соттың айыптау үкімі шыққан кінәлі тұлғалардан күштеп өндірілген қаражат. 

Бұл тұрғыда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жасалған барлық қылмыстар бойынша қорға өндіріп алулар басталады. 

Мәжбүрлі төлемдердің сомасы қылмыстың ауырлығына қарай 5-тен 30-ға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Қорды толықтырудың басқа көздеріне процестік бұзушылықтар үшін сот салған өндіріп алулар, сондай-ақ түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталушылардан ұсталатын сомалар жатады.

Қорға жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам түседі деп болжанып отыр.