Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталады

Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация 22 қарашада басталады. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ревакцинация 22 қарашада басталады, ол екі кезеңнен тұрады. Елде алдымен тәуекел тобындағы адамдар вакцина салдырғанын ескерсек, бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады. Олардың бірінші вакцинаны қашан салдырғаны ескеріледі", - деді Цой.

Сондай-ақ 60 жастан асқан адамдар, өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелердің жоқ екенін көрсеткен адамдар ревакциналаудан өте алады.

Оқи отырыңыз:
Алматыда миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

"Қазақстандықтар сәуірде жаппай вакцина салдыра бастады. Соған байланысты қалған азаматтар 2022 жылдың қаңтарынан бастап (вакцинаның толық курсын алғаннан кейін 6-9 ай өткен соң) ревакцинация жасата алады", - деді министр.

Үкімет басшысы Асқар Мамин ревакцинацияның басталуына қатысты медицина ұйымдары мен медицина қызметкерлерін дайындауды тапсырды.