Қазақстанда Рухани келісім күні аталып өтуде

Бүгін Астанада "Заманауи әлемде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту" атты рухани халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Конференцияның жұмысына Қазақстан мен Ресейдің, Австрияның, Германия, Швейцария мен Қырғызстанның және басқа да елдердің ғылыми және мәдени қоғамының танымал өкілдері, діни қайраткерлері, Қазақстанда тіркелген шетелдік елшіліктердің дипломаттары қатысуда.

Ресей өкілдерін Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасының мәдениет жөніндегі комитетінің төрағасы, КСРО халық әртісі Иосиф Кобзон, Еуропа елдерінің біріккен өкілдерін - "Мир через культуру - Европа" Халықаралық қауымдастығының президенті, Халықаралық этика институтының (Австрия, Линц қаласы) ректоры В. Аугустат басқарған.

Қазақстан Республикасы парламентінің мәжіліс төрағасының орынбасары, Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко мен Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасының мәдениет жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Александр Тягунов баяндама жасады. Баяндама жасаушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ Съезі аясында 2009 жылы Астанада өтеді деп жоспарланған Дүниежүзілік рухани мәдениет форумының құрылуының маңыздылығын атап көрсетті.

19-қазанда халықаралық конференция халықаралық ұйымдастыру комитетінің Дүниежүзілік рухани мәдениет форумына дайындық жөніндегі отырыспен жалғасады. Ертең конференцияға қатысушылар мен қонақтар Астанадағы жетекші дәстүрлі конфессиялардың мешіт- шіркеулеріне барады, ал кешке музыка академиясының орган залында КСРО Халық әртісі И. Кобзонның Қазақ Ұлттық музыка Академиясының оқытушы- профессорлар құрамымен бірге шығармашылық кеші өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші Дүниежүзілік рухани келісім Конгрессі Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен 15 жыл бұрын Алматыда өткен болатын. Қабылданған манифесте Конгресске қатысушылар 18-қазанды Рухани келісім күні, дау-жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий жариялау күні, ымыраласуды іздеу күні, қайырымдылық пен жықындарына көмек көрсету күні деп жариялауға шақырған. Содан бері Қазақстанда 18-қазан жыл сайын Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі.