Қазақстанда спорт залдары жеткіліксіз - салалық агенттік

«Біз алықтың жаппай дене тәрбиесімен айналысуына қаншалықты жағдай жасалғанын білу мақсатында барлық спорт нысандарын тексеріп шықтық. Елдегі спорт нысандары барлық азаматтардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік бере алмайды, өйткені, олардың өткізу қабілеті 7 пайыздан сәл-ақ асады», - деп жұма күні қылмыс пен заң бұзушылықтардың алдын-алу мәселесіне арналған конференцияда ведомство төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазір еліміз бойынша 558 мың шаршы метр спорт залы қажет.
«Үкімет келесі жылдан бастап ауылдар мен аудандарда жергілікті әкімдіктердің күшімен кем дегенде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы шешім қабылдады», - деді Е.Қанағатов.
«Білім министрлігімен бірге білім ошақтарындағы спорт нысандарын сабақтан тыс уақытта пайдалану және дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне секциялық дәрістер өткені үшін қосымша ақы төлеу мәселесін пысықтап жатырмыз», - деп қосты ол.
Маманның айтуынша, қазір Қазақстанда 32 мыңнан астам спорт нысаны бар.