Қазақстанда табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың саны 18,2%-ке, құрбан болғандар саны 2,7%-ке азайды

"Қолданылған кешенді шаралар ағымдағы жылы 2006-жылдың ьиісті мерзімімен салыстырғанда төтенше жағдайлардың санын 18,2%-ке, құрбан болғандар санын 2,7%-ке азайтуға мүмкіндік берді", - деді В.Храпунов.

Сонымен бірге оның айтуынша, елімізде өрттер саны 2006-жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 17%-ке, өрттен келген материалдық шығындар көлемі 44,6%-ке азайды. "Орман өрттерінің алдын алу және санын азайту мақсатында кешенді шаралар қолданылды. Ормандағы өрттер саны өткен жылғымен салыстырғанда 4 есе азайды", - деді министр.

В.Храпуновтың хабарлауынша, " ағымдағы жылы атом-энергетикалық кешені мен Каспий теңізінде мұнай операцияларын жүргізуде өндірістік жарақаттар мен апаттарға жол берілген жоқ. Еліміздегі қатерлі өндірістердегі өлімге алып келетін жарақаттар деңгейі 10%-ке азайды. Есепті мерзімде өнеркәсіптік апаттардан келген материалдық шығындар көлемі 2006 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 8 есе азайды".

"Кейінгі 5 жылдағы құтқару шараларын жүзеге асыру динамикасы көрсеткендей, министрліктің шұғыл құтқару қызметтерінің шақыруға шығу саны 2,3 есе азайды. Осы мерзімде министрліктің күшімен 115 мың адам құтқарылды",- деді министр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті