Қазақстанда таяу күндерде банктерді қайта капиталдандыру бағдарламасы аяқталады

"Меніңше, банктерді қайта капиталдандыру бағдарламасы алдағы екі-үш күнде аяқталады. Үкімет пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына банктерді қайта капиталдандыру мәселелері бойынша Credit Swiss және JP Morgan банктері кеңес беруде. Credit Swiss банкі осы мәселе бойынша Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, ал JP Morgan - АҚШ қаржы министрлігінің кеңесшісі екенін ескерсек, біз бұл бағдарламаға бүгінгі күнге дейін осы мәселелер бойынша әлемде жинақталған ең таңдаулы халықаралық тәжірибені енгіздік",- деді Кәрім Мәсімов.

Үкімет басшысы ағымдағы жылдың 1 қарашасында Стресс активтері қорын құру туралы үкіметтің қаулысына қол қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, өткен демалыс күндері Қазақстан үкіметінің Стресс активтері қорын құру жөніндегі кеңесшісі рөлін City Bank атқаратындығы туралы уағдаластық жасалған.