Аталмыш шараны Орталық музей мен Алматы қаласындағы ҚХР Бас консульдығы елімізде алғаш рет ұйымдастырмақ.
Цинь Байланьның туындыларының басты бағыты Қытай тарихындағы әйгілі әйелдер және қытай классикалық әдебиетінің туындылары мен романдарындағы аңызға айналған әйелдер тұлғалары болып табылады. Оның картиналары нақыштылығымен, нәзіктігімен, айшықтылығымен, сұлулығымен, сыпайылылығымен және өзгешелігімен ерекшеленеді.
Көрмеге халық суретшісінің 40-қа жуық өнер туындысы қойылатын болады.
Цинь Байлань - Қытайдың Халық суретшісі, Халықтық Саяси Кеңес беруші Ұйымының депутаты, Қытай суретшілері қауымдастығының мүшесі. Ол 2005 жылы Қытайдың ең үздік он атақты өнер қайраткерлерінің ішіне кірген болатын.
Цинь Байлань 18 жасында ауыр дертке шалдығып, аяқтары сал болып қалды. 30 жылдан астам уақыт бойы қытайдың дәстүрлі кескіндеме (живопись) өнерін зерттеумен айналысты және осы салада үлкен жетістіктерге жетті.
Цинь Байланьның жеке көрмелері дүниежүзінде, АҚШ, Франция, Германия, Италия, Ресей, Австрия, Жапония, Корея, Египет, Иран, Грекия, Бразилия, Перу және т.б. 50-ден астам елде көрсетілді.
Ол қытай-шетел мәдени істерінің алмасуына және халықтар арасындағы достықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Оның шығармашылығы және қызметі туралы дүниежүзінің газет және журнал беттерінде қытай, ағылшын, португал, испан, итальян, орыс, француз, неміс, жапон, корей, парсы және басқа тілдерде 200-ден астам мақалалар жарияланды. 2001 жылдан бастап суретші Цинь Байланьның көрмелері Қытай үкіметінің сыртқы алмасулар байланысының ресми жобасына айналды. 1995 жылы БҰҰ-ның дүниежүзілік әйелдер конференциясы Форумында суретшінің картиналары бар «Қытайдың ежелгі әйгілі әйелдері шежіресі» альбомы қатысушы елдерге көркем кәдесый болды. Оның жұмыстары дүниежүзінің көптеген музейлерінде, көркемсурет галереяларында, әр түрлі мемлекеттер басшылары орталықтарының коллекцияларында сақтаулы тұр.