Көпшілік, бастапқыда, қазақша үрейлі кино қорқыта қоймас деген күмәнмен отырған еді. Онысы бекер екен. Кино басталмай жатып-ақ, жаны тыныш таппаған әруақ баршаның зәресін ұшырды.
Бұл Қызылорда қаласынан Алматыға нәпәқа іздеп келген қыздың рухы. Оны 4 студент жол ортасында қағып өлтірген. Жауапкершіліктен қашып, денесін қала сыртына көмбестен қалдырып кетеді. Кек сақтаған әруақ М-агентте «Маржан Кереева» деген атпен адамдарға дос болуға өтініш жібереді. Қабылдағаны елес қуалап, ақыры қиналып өледі.
Істі КТК тілшілері де зерттейді. Құпия өлімдерден байланыс іздеген журналист құрбандардың ажалы әлеуметтік желілерден келгенін анықтайды.
Жасұлан Нұрланұлы, актер:
- Қараңғыда, жарықты өшіріп ойнап жатқан кезде шынымен де өте қорқынышты болды. Кішкене сезініп, кішкене сеніп ойнағаннан кейін осындай жағдайлар болды. Рөлден қорқып, біреу жанымыздан, артымыздан қарап тұрғандай жайттар болды.
ТуындыныКТК арнасының көмегімен белгілі режиссер Еркін Рақышев түсірген. Қазақ кино қоржынында үрейлі фильм атымен жоқ. Бұл – ең біріншісі. Бұрын-соңды мұндай эксперимент жасап көрмеген ол жапондықтардың «Қоңырау» фильмін негізге алыпты. Қорқынышты кейіпкерін де сондағы қызға ұқсатқан.
Еркін Рақышев, кинорежиссер:
- Кез-келген бір жастан сұрасаңыз, қанша досың бар десеңіз, «бес жүз», «мың» дейді. Сол мың адамның олар онын да көрген жоқ. Ал бірақ дос, күнде байланысады, араласады. Өйтуге болмайды. Себебі ол сіз танымайтын адамдар өте нашар адамдар да болуы мүмкін ғой... Осыдан сақтаныңдар деген ой біздікі!
Фильмді көпшілік осы жылдың қараша айынан бастап кинотеатрлардан көре алады. Айтпақшы, картина тек жасы 16 жастан жоғары жүрек жұтқан көрерменге арналған.