Қазақстанда тұрғын үй нарығында сатып алу қабілетінің күрт құлдырауы байқалып отыр

"Almaty Real Estate" ЖШС президенті Зухра Назарованың пайымдауынша, жылжымайтын мүлікті сатып алушылардың көбісі ипотека қызметінің көмегімен тұрғын үй сатып алып жатқан кезде Қазақстан банктерінің ипотекалық несие беру талаптарын қатайтуы тұрғын үй бағасының арзандауына алып келген. Несиелендіру талаптарын қатайту өз кезегінде Қазақстан экономикасына ықпал еткен АҚШ-тағы экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты.

"Сұраныс пен сатып алу белсенділігінің күрт төмендеуі нәтижесінде баға бастабында 10 пайызға, кейін 20 пайызға, соңында тіпті 50 пайызға дейін төмендеді. Қымбат виллалардың бағасы күрт құлдырады. Осы жақында ғана оларға 8-9 млн АҚШ долларын сұрап тұрған еді", - деп атап көрсетті З. Назарова.

ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, қаңтар айында жаңа салынған үйдің бағасы 2007 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 0,5 пайызға арзандаса, ескі үйлердің бағасы осы уақыт ішінде 0,3 пайызға төмендеген.

"Крыша" газетінің мәліметтеріне сүйенсек, ақпанның 7-13 аралығында Алматыдағы жылжымайтын мүлік нарығында оның алдындағы аптамен салыстырғанда бір шаршы метрдің бағасы 2,41 пайызға төмендеген. Ал ақпанның 14-20 аралығында бір шаршы метр үй бағасы тағы 0,34 пайызға түсіп, 2623 долларды құраған.

Ұлттық риэлторлар ассоциациясының ақпаратына сүйенсек, 2007 жылдың шілде айынан бері ескі үйлердің нарығындағы бір шаршы метрдің орташа бағасы 23 пайызға, ал қаланың кейбір аудандарында 45-50 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар, Алматыда коммерциялық жылжымайтынмүлікті жалға алу нарығында да белсенділіктің төмендеуі байқалып отыр. Umex Realty жылжымайтын мүлік агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта "А" класстағы бизнес-орталықтан бір шаршы метр жерді жалға алу 55-85$, "В" класс - 35-45$ тұрады. Ең жоғары сұраныс тудырып отырған шаршы метріне 25-30$ төлеп жалға алатын 30-100 шаршы метр аралығындағы үй-жайлар. Алайда, ұсыныстың жетіспеушілігі салдарынан мұндай сұраныстың 90 пайызы қанағаттандырылмай отыр.