Қазақстанда түрмеде отырған азаматтардың жартысы ғана жұмыспен қамтылған


«Біз жеке бизнесті жаңа жұмыс орындарын ашуға тартуды ұсынып отырмыз. Қолайлы жағдай жасалса, бизнес инфрақұрылымға ақша да салады, түрме аумағына жаңа нысандар да салар еді», - деп бейсенбідегі брифингте Бас прокуратураның қамауға алынған және қылмыстық жазасын өтеп жатқан тұлғалар құқығының сақталуын қадағалау департаменті бастығының орынбасары Берік Жақаев мәлім етті.
Бүгінде Қазақстан түрмелерінде отырған 42 мың тұтқынның 27 мыңы немесе 62 пайызы еңбекке жарамды.
Алайда, оның тек 52 пайызы ғана ақы төленетін жұмыспен қамтылған, деді Б.Жақаев.
Кезінде колонияларда жұмыспен қамту мәселесін түрме әкімшіліктері шешетін. 1999 жылы түрмелерді бұл міндеттен босатып, оны арнайы құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға беру туралы шешім қабылданған-ды.
Алайда, басты міндеті  табыс табу болғандықтан олар тұтқындардың бәрін жұмыспен қамти алмайды, дейді Б.Жақаев.
«БҰҰ өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өндірісін басқаруды жеке меншік мердігерлерге емес, түрме басқармасына жүктеуге кеңес береді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажет болмақ», - деп мәлімдеді ол.