Қазақстанда туу көрсеткіші артып, өлім көрсеткіші кеміді

Министрдің айтуынша, әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Жамбыл облыстарында ең жоғары өсім тіркелсе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ең төменгі көрсеткіш тіркелді.

Сонымен бірге, министрдің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда халықтың өлім көрсеткіші 1 мың тұрғынға шаққанда 2003-жылғы 10,4-тен 2004-жылы 10,1-ге дейін төмендеді. Жоғарғы өлім көрсеткіші Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында сақталып отыр.
Е.Досаевтың хабарлауынша, халықтың табиғи өсім көрсеткіші жалпы алғанда 2003-жылғымен салыстырғанда 2004-жылы 1,2 процентке артты (6,7%-тен 7,9%-ке). Ал Солтүстік Қазақстан облысында керісінше тұрғындар санының азаюы байқалып отыр.
Е.Досаевтың мәліметі бойынша, елімізде 2004-жылы аналардың өлім көрсеткіші әрбір 100 мың тірі туған адамға шаққанда 36,5 болды. Ал 2003-жылы бұл 41,2 болған. Бұл көрсеткіш Астана, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында жоғары күйінде қалып отыр.
2004-жыл қорытындысы бойынша нәрестелердің өлім көрсеткіші тірі туған әрбір 1 мың балаға шаққанда 14,5 болса, 2003-жылы 15,3 болған. "2004-жылы 1 жасқа дейінгі 3972 сәби өлімге душар болды",- деді Е.Досаев. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан өзге барлық республика аймақтарында төмендеп келеді.
Министр: "дегенмен, сонау Кеңестік дәуірде қабылданған бұл көрсеткішті есептеу әдістемесі қазір нақты ахуалды паш ете алмайтын болды",- деді . Министрлік 2005-жылдан бастап нәрестелер өлімін есепке алудың халықаралық әдістемесіне көшпекші. Бұл әдістеме бойынша салмағы 500 грамм және одан жоғары сәбилер тірі туғанға саналады. Ал қазіргі әдістеме бойынша салмағы 1000 грамнан жоғары туған сәбилер тірі ретінде саналып келген. "Мұндай жағдайда нәрестелердің өлім көрсеткіші бірнеше есе өсетіні анық",- деді ол.