Қазақстанда ұшақ апатынан қаза тапқандарды жерлеу рәсімі өтіп жатыр


Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды қаласында Ан-2 ұшағының экипаж командирі Валерий Клюшев, ұшқыш Виктор Савельев, борт-механик Василий Литвинов пен «Қазақмыс» корпорациясының техникалық даму департаменті директоры Ғабит Төлеубаевты ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын өтіп жатыр.
Жаңаарқа ауданының Қызылжар ауылында жақын-туыстары мен ауылдастары «Балқаштүстіметалл» өндірістік бірлестігінің бас механигі Ербол Ыбыраевты жер қойнына тапсырды.
Қызылордада «Балқаштүстіметалл» ӨБ техникалық және инвестициялық жоспарлау бөлімі бастығы Ұлбазар Есмағанбетовамен қоштасу рәсімі өтті.
Қаңтардың 20-сында «Олимп Эйр» ЖШС-не тиесілі ұшақ Жамбыл облысының Шатыркөл кеніші аумағында апатқа ұшыраған болатын. Бастапқы болжамдар бойынша, ұшақ тұман салдарынан әуежайға қонар кезде апатқа ұшыраған.
Апат кезінде экипаждың үш мүшесі мен «Қазақмыс» компаниясының үш қызметкері қаза тапты. «Балқаштүстіметалл» ӨБ бас геологы Ә.Шаяхметова ауруханаға жеткізілді.