Биылғы сыйлық "ВИЧ/СПИД індетінің алдын алу саласындағы белсенді еңбектері үшін" "Оңтүстік Астана" телеарнасының бас директоры Исаак Дворкинге табыс етілді. Осы тақырыпта репортаждар топтамасын шығарған "Оңтүстік Астана" телеарнасы Қазақстан Республикасының ВИЧ/СПИД індетімен күрес жөніндегі Ұлттық бағдарламасының орындалу барысына алғашқы деңгейлі мониторинг жүргізген. Бұған қоса телеарна аурудың алдын алу мәселесіне арналған әлеуметтік мақсаттағы роликтер шығарып, ток-шоу бағдарламалар ұйымдастырды.
Орталық Азия аймағындағы Джонатан Манн атындағы сыйлық осыдан бес жыл бұрын ВИЧ/СПИД індетімен күреске қосқан үлесі үшін тағайындалған. Сыйлықпен ВИЧ/СПИД індеті туралы ақпарат таратқаны, ВИЧ жұқтырған адамдарға қатысты кері көзқарастар мен кедергілерді жоюға атсалысқаны, ВИЧ жұқтырған адамдарға тиісті деңгейде қызмет көрсетуді қамтамасыз еткені үшін азаматтық қоғам өкілдері, БАҚ-тар мен мемлекеттік ұйымдар марапатталады.
Орталық Азиядағы әрбір алты мемлекетке арналған 1 мың доллар көлеміндегі сыйлықты БҰҰ-ның алты агенттігі шығарады.
Халықаралық қауымдастық ВИЧ/СПИД індетін ХХІ ғасырда адамзат баласы тап болған даму саласындағы ғаламдық тауқыметтер қатарына қосқан. Бүгінде дүниежүзінде 37 млн. адам ВИЧ індетімен өмір сүреді.
Түрлі мәліметтер бойынша, Қазақстанда ВИЧ жұқтырған адамдар саны 5- 20 мың аралығында.