Қазақстанда "Заңгерлер әділетті сайлауды қолдайды" атты қоғамдық бірлестік құрылды

"Заңгерлер әділетті сайлауды қолдайды" қоғамдық бірлестігінің басқармалары төрағасының орынбасары Анатолий Матюхиннің айтуынша, кәсіби заңгерлердің жаңа бірлестігін құруға кез-келген азаматтың табиғи құқығы түрткі болды. "Ол - әлеуметтік-қоғамдық айрықша маңызды сала- сайлау туралы нақты әрі ашық ақпарат пен осы ақпаратқа кәсіби түсініктеме алу құқығы болмақ",-деді заңгер.

Заңгердің пікірінше, Қазақстандағы сайлау процессі қолданыстағы заңнама тұрғысынан алғанда негізсіз әрі кері бағалармен ілесе жүреді. Бұл санатта халықаралық бақылаушылардың бағалары да бар. "Біздің бағалауымызша, елімізде сайлау процестеріне кәсіби баға беру жағы жетіспейді. Саясаттану тұрғысынан, социологиялық немесе психологиялық тұрғыдан дейсіз бе, сан алуан бағалар беріліп жатады. Бірақ тікелей заңгерлік баға мүдем берілмейді. Ал бұл алдағы және одан кейінгі сайлаулардың жариялылығы мен заңдылық деңгейін, құқықтық мәдениетті арттыруға септігін тигізбейді",- дейді А.Матюхин.
Дегенмен осы орайда заңгерлер сайлау заңнамасын бұзу оқиғалары расында да бар дегенді мақұлдайды. Оны уәкілетті мемлекеттік мекемелер де жоққа шығарып отырған жоқ. "Әйтсе де бірде-бір заң бұзушылық оқиғасы сотқа жетіп көрген емес". "Егер сайлауда түрлі "лас технологиялар" қолданылып, Конституция бұзылып жатса, егер уәкілетті мемлекеттік мекемелер мен лауазым иелері құқық қолдану тәжірибесінде көзге түскен келеңсіздіктерді шешу немесе оны қарау тұрғысынан бастама көтеріп алаңдаушылық білдірмесе, онда дәл осындай тұста біз кәсіби біліктілікті пайдалануға тиіспіз. Сол арқылы кей жерде ақыл-кеңес беріп демеп жіберсек, енді бір тұста қолданыстағы заңнамаға бағынуды талап ете аламыз",- деді бірлестіктің белсендісі Виктор Малиновский. "Егер осындай қадамдар жасалмаса, онда қолданыстағы Конституцияның норма- қағидаттары мен қазіргі саяси қоғамдық тәжірибенің арасы алшақтай түседі",- деді ол.
Құрылтайшылардың пікірінше, құқық саласындағы кәсіби мамандардың жаңа бірлестігін құру оларға "заңда белгіленген тәртіптер шеңберінде сайлаулар барысын қадағалауға, қоғамдық мониторинг жүргізуге, заң бұзу көріністеріне талдау жасауға, сайлау процессіне қатысушы субьектілер мен мемлекеттік мекемелерге ақыл-кеңестер беруге мүмкіндік тудырмақ".
"Заңгерлер әділетті сайлауды қолдайды" атты республикалық қоғамдық бірлестік республиканың барлық өңірлерінде тұрақты негізде жұмыс істемек. Сайлаулар арасындағы үзіліс тұсында заңгерлер "түрлі дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, сайлау заңнамасын жетілдіруге қатысты нұсқаулар беру, сайлау процессіне қатысушы субьектілерді оқыту" жұмыстарымен шұғылданады. Бірлестік басқармаларының төрағасы болып Қалимолла Халықов сайланды.