ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, жаңа заңға сәйкес, лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - үш жүз, орта бизнес үшін - бес жүз, ірі бизнес үшін бір мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындау туралы қарастырылыпты.
"Бір жыл ішінде қайталанып жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін жеке тұлғаларға екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі бизнес үшін екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылықтың табыстары тәркіленеді", - дейді шенеунік.
Бұған қоса Ақтоты Райымқұлова лотерея операторымен немесе таратушыларымен (агенттерімен) лотерея операторымен құрылған комиссиялық келісімшарт аясында орналастырылған жарнамадан бөлек лотерея жарнамасына тыйым салынатынын ескертті.