Қазақстанда жемқорлық деңгейі төмендеп келеді

Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин осындай пікір білдірді.

«Мен елімізде сыбай»лас жемқорлық деңгейі төмендеп келе жатыр деп сеніммен айта аламын», - деді А.Лукин дүйсенбі күні аймақтық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестер басшыларының жиынында.

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Жоғары лауазымды шенеуніктердің құрықталуы осының айқын дәлелі. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деп мәлімдеді.

«Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Бұрын «ұсақ шабақтар» ғана қолға түсетіні айтылып келген болса, бүгінде жағдай өзгерді. Бүгінде жоғары деңгейдегі басшылар құрықталып жатыр. Заңды белшеден басқандар, жемқорлық қылмыс жасағандар құрықталуда», - деді Б.Байбек дүйсенбі күні аймақтық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестер басшыларының жиынында.

Оның ойынша, партия мүшелері жағдайды «халыққа тағы да түсіндіруі қажет». «Елдің бәрін қамап жатыр, жағдай қиындады деген әңгімелер көбейді. Нашарлаған жоқ, керісінше, заңды бұзғандарды жазалау деңгейі артты. Осы туралы айтуымыз керек», - деді Б.Байбек.