Қазақстанда жол битумын өндіруді 65 мыңнан 300-350 мың тоннаға дейін өсіру жоспарлануда

"Бүгінгі күндегі жол битумына деген мұқтаждық жалпы республика бойынша 500 мың тоннаны құрап отыр, оның 300 мың тоннасы бұрынғы жолдарды жаңарту мен республикалық маңызы бар жаңа жолдар салу үшін қажет",- деді С. Ахметов. Ол өткен жылы қазақстандық кәсіпорындар небәрі 65 мың тонна жол битумын өндіргендігін еске сала кетті.

Министр, сондай-ақ, қазіргі уақытта "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ қуаттылығы жылына 200 - 250 мың тонна жол битумын өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатқандығын, оның үстіміздегі жылғы мамырдың аяғында аяқталатындығын атап өтті. "Осы күзде біз жоғары сапалы жол битумын шығаратын бұл зауытты салуға кірісеміз деген үміттемін",- деді С. Ахметов. Ол жаңа кәсіпорында Қаражанбас кенішінен алынған мұнай өңделу жоспарланып отырғандығын айта кетті.

"Егер жылына 100 мың тоннадай битум өндіретін Павлодар зауытына шамамыз жетсе, онда республикамызда өндірілетін битум көлемі 300 - 350 мың тоннаға, немесе ішкі нарық мұқтаждығының 70 пайызын құрайды",- деп қорытындылады министр. "Осы жылы біз битумның жартысын Ираннан сатып аламыз",- деді ол.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті