Қазақстанда жыл басынан бері 700 мемқызметші жемқорлықпен ұсталған

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ведомство алқасының кеңейтілген отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлық салада жоғары шенді лауазымды тұлғалардың қатысуымен жемқорлықтың жүйелі фактілері әшкереленді деуге болады. Өткен жылдың ішінде 700 тұлға, соның ішінде 18 республикалық, 95 облыстық, 101 қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар ұсталды. Олардың ішінде энергетика вице-министрлері, сыртқы саяси ведомстволардың жауапты хатшылары, Ауыл шаруашылығы министрлігі комитет төрағалары мен орынбасарлары, ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ түрлі деңгейдегі судьялар бар», - деді А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, 2018 жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық және Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары, Ақмола және Маңғыстау облыстық ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысумен қылмыстық топтар анықталған.

Бұдан бөлек, А.Шпекбаевтың мәліметінше, Агенттік 300-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен үш есе жоғары.


Агенттік төрағасы қолданылған шаралардың нәтижесінде бекітілген залалдың сомасы 9,7 миллиард теңгеге өсіп, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығынан 4 миллиард теңгеге артық болған. Залалдың өтелуі 8,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда, 68 процентке жоғары. Тергеу барысында күдіктілердің 4,6 миллиард теңге сомасындағы мүлкіне тоқтам салынды. Бұл былтырғыға қарағанда 4 есе көп.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстық процесті азайту шаралары қолданылып жатыр. Ұсталушылар мен қамауға алынғандар саны 2 есеге қысқарған.