Қазақстанда жыл басынан бері есірткіні асыра тұтыну салдарынан 99 адам қаза тапты



"Бұл сан өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштерден біршама артық",- деп атап өткен Ғ.Мұстафин есірткіні асыра тұтыну салдарынан қаза табу көрінісі Алматыда 47 мәрте, Павлодар облысында 22 мәрте тіркелгенін жеткізді.

Сонымен бірге ҚР ІІМ-нің халықаралық есірткі саудасымен күрес комитеті төрағасының орынбасарының ақпаратына сәйкес, еліміздің тағы 645 азаматы "есірткіні ұзақ уақыт бойы тұтыну салдарынан" қайтыс болған, "олар үшін емдеудің барлық түрі пайдасыз болып қалған".

Ғ.Мұстафиннің айтуынша, есірткі саудасымен күрес комитетінің күшімен ағымдағы жылдың жеті айында 114 килограмм героин мен 13 тоннадан астам басқа да есірткілік заттар заңсыз айналымнан шығарылды.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, қазір елімізде есірткіге тәуелді 54 мың адам наркологиялық есепте тұр, олардың 4 мыңы әйелдер, 5 мыңы - кәмелеттік жасқа толмағандар.