Қазақстанда жыл қорытындысы бойынша телекоммуникацияның өсуі соңғы бес жылдағы көрсеткіштен кем болмайды - Ақпараттандыру және байланыс агенттігі

"Соңғы бес жылда телекоммуникация саласының орташа жылдық өсімі 30 пайызды құрады. Менің ойымша, осы жылы да ол көрсеткіш кемімейді", - деді Асқар Бишіғаев.

Ол қазіргі уақытқа дейін бұл көрсеткіш шамамен 33-35 пайызды құрап отырғандығын атап өтті. "Яғни, сала республикадағы ең қарқынды өсу үстіндегі салалардың бірі. Ұялы байланыс желісі де ең жылдам қарқынмен өсуде", - деп атап өтті төраға орынбасары.

Оның айтуынша, операторлардың есептеулері бойынша ұялы байланысты пайдаланушылар саны Қазақстанда үстіміздегі жылдың желтоқсанына қарай 12 миллионға таяды. "Бірақ бұл жерде бұл көрсеткіш сатылған SIM-карттардың саны екендігін есте ұстаған жөн. Біреулер екі, енді біреулері үш SIM-картқа ие. Соған қарамастан, бұл ұялы байланысты пайдаланушылардың дүниежүзінде қабылданған санағы", - деп түсініктеме берді Асқар Бишіғаев.