Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-шаралар жоспары 2005-жылғы күзде жобаланады

"Ұлттық іс-шаралар жоспары 2006-2010-жылдарға есептеледі",- деді Т.Әбішев.

Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында ҚР мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімовтың атап көрсеткеніндей, бұл құжаттың жобасын жасау "Қазақстан президентінің халыққа арнаған жолдауындағы адам құқығын қорғау мен оған кепілдік беру тетіктерін жетілдіру жөніндегі бөлімінің логикалық жалғасы бола алады".
БҰҰ Даму бағдарламасының Братиславадағы саяси кеңесшісі Сергей Сироткин Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау саласындағы оңды динамиканы атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық іс-шаралар жоспарын жасау - Орталық Азия аймағындағы осындай тұңғыш бастама болмақ. Бұл саладағы халықаралық тәжірибені зерттеу қажеттігіне баса назар аударған С.Сироткиннің айтуынша, "мұндай бағдарламалар нақты елдегі нақты ахуалға сай келуі тиіс".
Жоспар халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен парламент депутаттарының қатысуымен жобалануда. Жобаны жасау барысында басқа елдердің тәжірибесі мен адам құқығы саласындағы халықаралық заңнамалар ескерілуде. Жоспарға адам құқығын қорғау саласындағы айрықша өзекті проблемаларды шешуге бағытталған кезек күттірмейтін шаралардың тізімі қамтылады. Бірлескен жұмыстарды үйлестіру және Ұлттық жоспардың ақырғы жобасын әзірлеу міндеті ҚР президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияға жүктелген.