Т.Мұхановтың айтуынша, "Қазмырыш" ААҚ-ның аффинаждық өндірісі 50 тонна алтын мен 30 тонна күміс өндірсе, "Қазақмыс " корпорациясы 10 тонна алтын мен 300 тонна күміс өндіре алады. Бірақ олар қазір қуатының небәрі 30 процентін пайдалануда. Соның салдарынан көптеген алтын өндіруші кәсіпорындар концентратты шетелдерде өңдеуге мәжбүр.
Соған қарамастан , ҚР индустрия және сауда министрілігі еліміздің алтын өндіру өнеркәсібінің болашағына үлкен сеніммен қарайды. Мәселен, 1992-жылы аффинациялық алтын өндіру көлемі 10,6 тоннаны құраса, 2002-жылы бұл мөлшер 13 тоннаға жетті. Ең жоғарғы өнім өндіру көлеміне "Қазмырыш" ААҚ, "Қазақмыс " корпорациясы мен "Алел" компаниясы кәсіпорындарында қол жеткізілді. Васильковский тау-кен комбинатын қалпына келтіру жобасының болашағына да зор үміт артылып отыр. Алтын өндіруші басқа да фабрикаларды жаңалау жұмыстары жүргізіліп, жаңа өндірістер іске қосылды.
Қазіргі жағдаймен еліміздің барлық аймақтарында 199 өндірістік алтын кеніштері барланды, соның ішінде 127 негізгі , 40 кешенді және 32 таралмалы кеніштер барланған. 131 кеніш бойынша алтын өндіру жөніндегі келісім-шартына қол қойылды, соның ішінде 31 кеніште барлау жұмыстарын жүргізуге, 34 кеніште барлау және өндіру жұмыстарын жүргізуге, 36 кеніште тек өнім өндіруге келісім-шарты жасалды.
Еліміздегі алтын кеніштерінің 68 процентін кешенді кеніштер құрайды. Ең ірі кеніштер қатарында Васильковское (барланған қоры 360 тоннаны құрайды), Бақыршық (277 тонна), Ақбақай, Суздаль және Мизек кеніштері бар.