Қазақстандағы әрбір жетінші жол апаты адам өліміне әкеп соқтырады

Сейсенбі күні Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысында Бас прокурор Асхат Дауылбаев хабарлағандай, 2013 жылы «жол апаттарының саны күрт артып, 65%-ды құраған».

«2012 жылы 14 мың 168 оқиға болса, 2013 жылы жол апаттарының саны 23 мың 359-ға жеткен», - деп атап өтті ол.

Ал, өткен жылы жол апаты кезінде зардап шеккендер саны 60 пайызға өсіп, 33 мыңға жуық адам жол үстінде жарақат алған.


«Жол-көлік апаттарынан қаза тапқандар саны да кемімей, бұрынғыша, жоғары күйінде қалып отыр. мәселен, елімізде болатын әрбір жетінші жол апаты адам өліміне әкеп соқтырады», - деп атап өтті ол.