Қазақстандағы автокөлік саны 2002-жылы 1,2 процентке артты

Агенттік мәліметіне жүгінсек, ел көлеміндегі жалпы көлік құралдарының ішінде жеке меншік көліктер 85,6%-ті , автотранспорттық кәсіпорындардың көлігі 1,6%-ті құрайды. Қалған көлік транспорттық емес ұйымдардың иелігінде.

Автотранспорт саласындағы жекешелендіру толыққанды аяқталып, 2003-жыл басындағы жағдаймен жалпы көлік құралдарының 95,6%-і жеке меншікте, 3,7%-і мемлекет иелігінде, 0,7%-і басқа мемлекеттердің және шетелдік заңды және жеке тұлғалардың меншігінде болды. Иелігінде жеке меншік және жалға алынған автокөліктері бар шаруашылықтар саны 20125 болса, оның небәрі 691-і арнаулы кәсіби автотранспорттық кәсіпорындар.
Өткен жыл ішінде экономиканың барлық саласына қарасты жүк тасымалдаушы көліктер 409,1 млн. тонна жүк тасымалдап жүк айналымы 6962,2 млн. тонна-километрді құрады. Тасымалданған жалпы жүк көлемінің 53%-і тау-кен кәсіпорындарының үлесінде болса, 11%-і өңдеу өнеркәсібінің, 8%-і басқа сала кәсіпорындарының үлесіне тиді.
Еліміздегі жолаушы тасымалдаушы автотранспорттық кәсіпорындардың меншігінде сан алуан үлгідегі 24,3 мың автобус және 48,2 мың жеңіл автокөліктер тіркелді. Олардың 888-і такси, 47,4 мыңы қызметтік автокөліктер. 2002-жыл ішінде аталмыш кәсіпорындар 778,6 млн. адам тасымалдап, жолаушы тасымалының айналымы 10894 млн. жолаушы-километрді құрады. Бұл 2001-жылғымен салыстырғанда 12,9%-ке артық.
2002-жылы автокөлік тасымалымен айналысушы кәсіпорындар негізгі капиталға 8615 млн. теңге, 2001-жылы 3722 млн. теңге көлемінде инвестиция жұмсады.
Өткен жылы автокөлік тасымалы саласында 32,4 мың адам жұмыс істеп , олардың орташа айлық жалақысы 19442 теңгені құрады.