Қазақстандағы балалардың 74%-і жазғы лагерьде демалады — Шәмшидинова

«Балалар жазғы демалысты асыға күтеді. Біз олардың демалысында барлық қауіпсіздік шарасын сақтап, оның сапалы әрі мағыналы өтуіне жағдай жасауымыз керек. Еліміздегі балалардың 74%-і 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750 шатыр лагерьлерде демалады деп күтілуде. Олардың арасында 80%-і - әлеуметтік аз қамсыздандырылған отбасы балалары, 82%-і - айырықша білім қажеттілігіне мұқтаж балалар, 90%-і әртүрлі салада жетістікке жеткен балалар қамтылмақ», - деді Күләш Шәмшидинова. 

Министр балалардың жазғы каникулы кезінде 960 мың бала құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылса, ал оқушылардың 61%-і түрлі үйірме мен спорт клубында бос уақыттарын өткізетінін айты. 

«Олимпиадалық резерв пен тіл мектептері, белсенділер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылып, арнайы аула клубтарының жұмыстары жаңғыртылады. Жергілікті атқару органдар елімізде 1500 аула клубы жұмыс істейтінін айтты. Десе де СҚО, БҚО, Атырау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы секілді кейбір аймақтарда аула клубтары жетіспейді. Жазғы демалысты ұйымдастыруға компаниялар мен жеке кәсіпкерлер де атсалысады деп күтіп отырмыз», - деді ведомство басшысы.

Премьер-министр Асқар Мамин Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында балалардың демалысы жоғары деңгейде жоспарланып, бұл мәселе толығымен шешілгенін айтты. Алайда бұл мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырған өңірлер де жоқ емес. 


«Атырау және Түркістан облыстары осы бағытта нақты шараларды ұйымдастыру керек. Әкімдіктер кәсіпкерлер мен меценаттарды осы шараға белсене қатысуға шақыру керек. БҒМ және жергілікті органдарға санаторийлер мен туристік нысандар, ұлттық саябақтарда және ЖОО жанында мыңға дейін оқу-сауықтыру орталықтарын ашу, сонымен қатар жұмыс істемей тұрған нысандарды қайта жөндеуден өткізу мәселелерін талқылауды тапсырамын», - деді Мамин үкімет отырысында.