Қазақстандағы барлық өзгерістер құқықтық шеңберден шыққан жоқ - Тоқаев

"Қазақстан қысымға ден қойды деген тұжырымға келіспеушілік білдіруге мұрсат беріңіздер. Қазақстан әлдеқашан демократияны таңдаған. Тауқыметтің түйіні - бұл процестің даму қарқынында болып тұр",- деді еліміздің бас дипломаты. "Қазақстан жас мемлекет. Ал демократия орнату - аса күрделі құбылыс. Бірақ Қазақстанның бұл істе де белгілі ілгерілеушіліктерге қол жеткізгенін жоққа шығаруға болмайды",- деді Қ.Тоқаев.

"Біз халықаралық институттар тарапынан, соның ішінде Сорос қоры тарапынан да түсіністік болуын тілейміз",- деді ол. "Қазақстан - ұланғайыр мемлекет. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасы үкімет пен сыртқы саясатты жүзеге асырушы мекемелердің күн тәртібінде тұр",- деді Қ.Тоқаев. Осыған байланысты сыртқы істер министрінің пайымдауынша, мемлекет тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заңдарды қатайтуға шаралар қолданылуға тиіс. Алайда Қазақстанның қауіпсіздікті құқықтық шеңберде қамтамасыз етуге деген талпынысының өзі еліміздің ішкі-сыртқы қарым-қатынасты демократиялық нормалар негізінде жолға қоюға деген құлшынысына дәлел бола алады,- деді Қ.Тоқаев.
"Сіз жаңа ғана кейбір шегіністер, қысым шаралары туралы сөз қозғадыңыз. Бірақ бұл қадамдардың барлығы да қолданыстағы заңға сәйкес жасалды. Бүгінгі таңда ел ішінде заңның өктемдігін қамтамасыз ету үшін заңдарды өзгерту талабы туындап отыр. Бұл - Қазақстанның қазіргі және болашақ саясатындағы басты проблема",- деді бас дипломат.
"Соростың тікелей өзі осында ашық сөз сөйлеп, Қазақстанға ашық сын айту дерегінің өзі біздің жолайрықта тұрғанымызды емес, демократияны басты бағдар етіп таңдағанымызды білдірсе керек",- деді Қ.Тоқаев.